Сәуле Мұханбедианқызы Айтпаева -
Комитет Төрағасы

Қазақстан Республикасының Бас Прокурастурасы ҚСжАЕК Төрағасының блогы







Жаңалықтар таралымына жазылу

Осыдан 65 жыл бұрын, фашизмді жеңген Ұлы Жеңіс салюттері атқылады. Ол адамзат тарихында болмаған ең сұрапыл да қорқынышты соғыстың аяқталғанын паш етті. Бір ғана Кеңестер Одағының өзінен 20 миллионнан астам адам қырылып, қалаларымыз бен елді-мекендеріміз жойылып, жермен жексен етілген қасірет 1418 күнге созылды. Бірақ халық жауға тайсалмай қарсы тұрып, жеңіске жетті.
Ұлы Отан Соғысының Жеңісі біздің тарихымызда ерліктің, батырлық пен бірліктің, Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықтың асқақ шыңына айналды. Аға буынның қайсар рухы мен жанқиярлығының арқасында еліміз дұшпанды жеңіп, әділеттілікті қалпына келтірді.
Бүгінгі Қазақстан тарихында бұл оқиғаның маңызы ерекше. Соғыс жылдары біздің еліміз Кеңес әскерін азық-түлік, оқ-дәрімен қамтамасыз етіп, жүз мыңдаған адамдардың туған үйіне айналды. 1 миллион 700 мың қазақстандық майданға аттанып, оның жартысынан көбі ұрыс алаңынан қайтпады.
Қазақстандық бірлестіктердің әскери жолы қаһарлы 1941 жылы Москва маңында басталып, 1945 жылы көктемде Берлинде аяқталды. Олар Ленинградты қорғап, Сталинград пен Курск дөңінде шайқасты, Украина, Белоруссия, Молдова мен балтық елдерін, сондай-ақ Еуропа халықтарын фашистік бұғаудан құтқарды.
Соғыс жылдары республикадан майданға 12 атқыштар дивизиясы, 4 ұлттық кавалеристік дивизия, 7 атқыштар бригадасы, оның ішінде 2 ұлттық атқыштар бригадасы аттанды.
Сонымен бірге, Қазақстанда әр-түрдегі әскери 50 жуық полк және батальондар жасақталды. 500 Қазақстандық Кеңестер Одағының батыры, 100 астамы Даңқ Орденінің кавалері атанды, оның ішінде 4 Кеңестер Одағының 2 дүркін Батыры атағына лайықты деп танылды. Бұлар Ұлы Отан Соғысының айбынды ұшқышы Талғат Бегелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов және Сергей Луганский.
Сұрапыл соғысқа қазақ халқының да аяулы да даңқты қыздары қатысып, бүкіл әлемге ерліктің өнегесін көрсетті. Олардың ішінде Кеңестер Одағының батыры Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, әйгілі ұшқыш Хиуаз Доспанова, Раиса Абдуллина, Шекер Ботаханова, Қантай Елубаева, Лидия Абрамова, Фаина Бурдина, азамат соғысының ардагері Ә.Жангелдиннің қызы Құралай Натуллаева бар.
Бүгін біз партизандық қозғалыстың белсенді мүшесі Қасым Қайсенов, рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын тіккен Рахымжан Қошқарбаевты еске аламыз. Даңқты Иван Панфилов, политрук Василий Клочков бастаған 28 панфиловшыларды ешкім де ұмытпайды.
Кеңестер Одағының батыры, даңқы дүние жүзіне әйгілі жерлесіміз Бауыржан Момышұлын мақтанышпен еске аламыз. Ол Жамбыл облысы Жуалы ауданы Көлбастау ауылында дүниеге келген. 1934 жылға дейін әр түрлі қызметтерде, аудандық атқару комитетінің хатшысы, төрағасы, аудан прокурорының көмекшісі, сосын аудан прокуроры қызметтерін атқарған.
Соғыстың ауыр жылдарын басынан аяғына дейін өткен Бауыржан Момышұлы «Қызыл Ту Ордені», «Отан Соғысы 1 дәрежелі Ордені», «Әскери еіңбегі үшін», «Москваны қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Б.Момышұлының әскери тәсілдері мен стратегиялық әдістері көптеген мемлекеттердің әскерінде қолданылады.
Б.Момышұлының Кеңестер Одағының Жеңісіне қосқан үлесі, оның қолбасшылық еңбегі көп жылдар бойы бағаланбай келді. Тек Кеңестер Одағының ыдырауының сәл алдында 1990 жылы М.Горбачевтың жарлығымен, бұған дейін қайтыс болған Бауыржан Момышұлына Кеңестер Одағының батыры атағы берілді. Батыр көзі тірісінде ешкімге тіс жарып, маған батыр атағы берілмеді деп, шағынбады, өзінің азаматтық болмысымен, Ұлы қазақ халқы үшін адамгершілік пен батырлықтың символына айналды.
Ұлы Отан соғысына Жамбыл облысынан 120 мың адам қатысып, соның 32 мыңы біздердің тәуелсіздігіміз үшін жанын пида етті. Бір ғана біздің облыстан 22 азамат Кеңес Одағының батыры атанды, олар Ақәділ Сухамбаев, Ибраим Сүлейменов, Николай Белашов, Сәду Шакиров, Амантай Дәулетбаев және тағы басқалары.
Бүгін біз сол аласапыран майданда қан кешіп, елін жерін жан аямай қорғаған Жамбыл облысы прокуратура органдарының ардагерлері Шынтасов Ойшы, Көшеков Құдайберген, Неспаев Кәрім, Бүркітбаев Минавар, Кенжебеков Терлікбай, Конотоп Виктор, Тұрсынов Бариян, Сыдыков Асанбек, Мұқатаев Қалкеш, Сурайкин Лев, Сауранбаев Оспан, Қалқабаев Шойбек, Аққұлиев Мақаш, Лопатин Иван, Керімбаев Сапарбекті зор ризашылықпен еске аламыз.
Осы ақсақалдардың ішінде Жамбыл облысының прокуроры қызметін үзіліссіз 15 жыл атқарған Бариян Тұрсынұлының өмірбаянын айтып өткен жөн. Ол 1942 жылы өз еркімен майданға аттанып, соғыс жолын жау шебіндегі арнайы батальонның барлаушысы ретінде бастап Берлинге дейін жетті. Әр күн әр сағатта өліммен бетпе-бет келіп, жолдастарының қазасын өз көзімен көрген барлаушының тағдыры ауыр екені даусыз.
Тағдыр шапағатымен Бариян аға Жеңіс күніне дейін ама-сау жетіп, ерлігі үшін көптеген орден, медальдармен марапатталды. Оның ішінде «Ұлы Отан соғысы 2 дәрежелі», «ҰОС жеңісі үшін», «Германияны жеңгені үшін» т.б. жұлдыздары оның омырауында жарқырады.
Әскерден оралған Б.Тұрсынов 1951 жылы Алматы заңгерлік институтын тәмәмдағаннан кейін, ғұмырының барлығын заңдылықтың сақталуы, азаматтардың құқықтары мен мемлекеттің мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз етуге арнап, сол жолда ерінбей еңбек етті.
Ардақты ағалар біздердің қатарымызда қуаныш пен өкінішті бөлісіп, ұзақ та бақытты өмір сүрді. Өкінішке орай, олар қазір жоқ болғанымен, біз олардың өздерін де, біздің болашағымыз үшін жасаған ерліктерін де мәңгі жадымызда ұстаймыз.
Қазақстандықтар жеңіс қуанышын тылдағы еңбектерімен де жақындатты. Барлықтары да Жеңіс үшін, майдан үшін бір жағадан бас бір жеңнен қол шығарды. Абзал ұлдарын майданға аттандырған республикада жұмыс күші жетіспеді. Сол сәтте майдандағылардың аналары мен жұбайлары, қарындастары мен балалары станоктар мен тракторларға мініп, таңның атысынан күннің батысына дейін алқаптар мен зауыттарда еңбектеніп, өздері аш-жалаңаш болса да, барлығын жауангерлерге жіберді.
Бүгінгі жалындап өсіп келе жатқан Жаңа Қазақстанның іргетасын қалағандар сол біздің ардагерлер. Қазақ халқы мен бірге өзге ұлт өкілдерінің тату –тәтті өмір сүруі де солардың арқасы. Прокуратурада қызмет істеп жүрген көптеген қызметкерлер сол ардагерлердің тәлім-тәрбиесін алып, еңбек жолын солардың қарамағында бастады.
Осынау жарқын күнде облыстың прокуратура басшылығы мен қызметкерлерінің атынан барлық соғыс ардагерлеріне, олардың туған-туыстарына зор денсаулық, баянды бақыт тілей отыра, еліміздің еңсесі биік, тұғыры берік болып, халқымыз құт-берекеге кенеле берсін дейміз.

Жамбыл облыстық
прокуратурасының
Баспасөз қызметі


Артқа