Сәуле Мұханбедианқызы Айтпаева -
Комитет Төрағасы

Қазақстан Республикасының Бас Прокурастурасы ҚСжАЕК Төрағасының блогы







Жаңалықтар таралымына жазылу

Ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен сұрапыл шақта өз еріктерімен майданға аттанған прокурорлар мен тергеушілердің көбі бостандық пен мемлекетіміздің тәуелсіздігі үшін өз өмірлерін қиды.
«Намыс - азаматтың алтын туы»,-деп Бауыржан атамыз айтқандай, ел шетіне жау тиіп, ердің ерлігі сыналар сағатта бойында намысы бар азамат шыдап жатар ма?!
Отанымызды қорғау үшін өз еріктерімен майданға аттанғандардың бірі Қызылқоға ауданының Қарабау ауылының перзенті Муса Баймұқанов еді. 1939-1941 жылдары Гурьев қалалық прокуратурасында халық тергеушісі болып қызмет істеген Муса Баймұқанов неміс-фашистері тұтқиылдан шабуыл жасаған хабарды естісімен Мақат аудандық әскери комиссариатына барып, соғысқа сұранады. Майданға аттанар шақ туғанда ағыл-тегіл жылаған шешесін бауырына басып тұрып:
-Апа-ау, осынша егілгеніңіз қалай? Барсакелмеске емес, жауды қайыруға барамын ғой, - деген еді.
Қимастық көңілмен елжіреп тұрған ата сезімін тез аңғарған Муса-жігіт әкесіне бұрылып:
-Әке, ер Махамбеттің мына сөзі жадыңызда ма?
Ер шетіне жау келсе,
Азамат ердің баласы.
Намысына шыдай ма?
Ойран болған жерімнің, от-жалынға оранған Отанымның кегін кектеуге аттанбасам, ұл боп неге жаралдым? Батаңызды беріңіз, - деп ата-ананың ақ батасын алып, қан майданға аттанып кете барады.
Қайран ер сонда қайдан білсін, сұм соғыстың бірнеше жылға созылатынын... Қауышар күннің алыстай беріп, үкілі үміттің үзілерін...
Тек жаумен жағалас қатайып, соғыс ызғары күшейгенде барып күдік кіреді. Майдангердің туған жеріне, отбасына деген сағынышы мына сарғайған хаттардан анық байқалады:
Ұлыңның сәлемін ал, ата-анам,
Қарағым, Айман-Шолпан – екі балам,
Айқасып сұм фашиспен жүргенімде,
Сағындық, папа, деген хатыңды алам.
Сұранып қан майданға өзім кеттім,
Келешек сіздер үшін еңбек еттім.
Өкшелей жауды қуып, ізіменен
Құзғынның ұясына келіп жеттім.
Көзімнің қарашығы - екі бала,
Папаң жүр, Отан қорғап, болып пана,
Болмай-ақ, бір күнгідей қауышармыз,
Тазартсақ жауыз иттен қала-дала.
Мұндай хаттар адам жанын тебiрентпей қоя ма?!...
Бір хатында Муса Ленинградты қорғаушылардың қатарында жүргенін жазса, келесі хатында госпитальден шығып, өзінің бұрынғы әскери бөліміне қайтадан келгенін жазады. Енді бірінде өзіне Кеңестер Одағының Батыры атағын беру туралы материал Жоғарғы Кеңестің Төралқасына жіберілгендігі жөнінде хабарлайды.
Гвардия кіші лейтенанты Муса Баймұқанов Германия жерінде жауды өкшелеп, жүргізілген бөлімшенің ұрыс қимылын шебер ұйымдастырады. Жауынгерлерді Одер өзенінің сол жағалауына өте сақтықпен өткізіп, жау взводының көзін құртады. Басқа да бөлімшелердің Одер өзенінен кідіріссіз өтуіне жағдай жасап, Одерфельде елді мекеніне алғашқылардың бірі болып шабуыл жасайды. Ол өміріне төнген қауіпке қарамастан жауынгерлік тапсырманы ойдағыдай орындайды.
Муса Баймұқановқа Батыр атағын беру туралы ұсыныс барлық дәрежедегі бекітулерден шапшаң әрі кідіріссіз өтеді. Одер өзенінен өтудегі және Одерфельде елді мекенін жаудан тазартудағы ерлігі мен қаһармандығы, тапқырлығы үшін Муса Баймұқановқа 1945 жылғы 10 сәуірде Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені және "Алтын жұлдыз" медалімен, Отан соғысының I дәрежелі орденімен марапатталады. Сөйтіп, Каспий жағалауынан Одерге дейін барған Мұса Баймұқановқа соғыста жасаған ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.
Ол туралы Жарлық 1945 жылғы 16 сәуірде «Правда» газетінде жарияланады. Онымен бірге Одерфельде деревнясы үшін соғыстың бір күнінде 58 немісті, бір аптада 120 фашисті жер жастандырған, жаудың атыс ұясына матросовша атылған қостанайлық Сұлтан Баймағанбетов, атыраулық Боран Нысанбаев ерлігін қайталаған ақтөбелік Иманғали Балтабановқа да Батыр атағы беріледі.
Өкінішке орай, М.Баймұқанов ол атақты алып үлгере алмады. Өйткені, есіл ер сол жылы 18 наурызда, жеңіске елу-ақ күн қалғанда майдан даласында ерлікпен қаза табады. Муса Баймұқанов Отан қорғау ісінде өшпес ерліктің өнегесін көрсетті. Ол бүкіл одақ бойынша прокуратура қызметкерлері ішінен осындай құрметті атаққа ие болған бірден-бір азамат болатын. Бірақ, ол артына өшпестей із қалдырып кетті.
Батыр-заңгердің өмір жолы мен ерліктері жайында журналист Айбосын Елеусінов «Намыс оты» атты кітап жазды. Қазір Атырау облысындағы Мақат кентінде оның атында мектеп бар. Сол мектеп алдына, облыстық тарихи-өлкетану, прокуратура мұражайларына батырдың мүсіндері орнатылған. Атырау қаласында батыр атында көше бар. Кеңес Одағының Батыры Муса Баймұқанов заңгерлер үшін үлгі болды. Қан майданда намысты қолдан бермеген, «Отан үшін отқа түс, күймейсің» - деген ұранды ұстанған батыр ерлігіне бас иіп, тағзым ету бүгінгі ұрпақтың өтелмес парызы. Оның есімі, өшпес ерліктері еліміздің тарихында мәңгілікке жазылып қалды.
Отызында отан үшін опат болған, қысқа өмірінің төрт жылын құқық қорғау органдарында қызмет істеуге арнап, ел басына күн туғанда отан қорғауға сұранған қайсар азаматтардың бірі Юсупов Омар.
Ол Калинин майданында болып, небір кескілескен шайқастарды бастан өткереді. Ауыр жараланып, әскери госпитальға түскен кезі де болады. Жанқиярлық ерлігі үшін О.Юсупов «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Жауды жеңіп, елге қайтар күн жақындай түскендей әсер құшағында жүргенде 1944 жылы дәл жаңа жыл алдында Латыш жеріндегі Салдуск ауданында Омар Юсупов ерлікпен қаза табады. Сөйтіп, елі үшін өмірін сарп еткен өрен азамат жеңісті күндерге жете алмады.
Соғыс жылдарында майданда болып, кейін елдегі заңдылықтың қатаң сақталуына ерекше күш салған прокуратура қызметкерлері жетерлік. Мәселен, 1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, 1945 жылдан бастап прокуратура органдарында түрлі қызметте болған құрметті заңгер Шуреев Сатан Танхашұлы, 1940-1946 жылдары Совет әскерінің қатарында офицер қызметін атқарып, кейін Гурьев облыстық прокуратурасының тергеу бөлімінің прокуроры болған, гвардия майоры Зиманов Салық Зиманұлы, 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында 668 артполкінің командирі болған, 1-ші Белорус майданына қатысып «Ерлігі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған, 1954 жылдан бастап Гурьев облысының Мақат ауданы прокурорының көмекшісі болып қызмет атқарған Дәулетияров Сүндет Жақсымбетұлы, 1942-1945 жылдары соғысқа қатысып, 1946-1970 жылдары Гурьев облысының Мақат аудандық прокуратурасының халық тергеушісі, Индер, Қызылқоға аудандарының прокуроры болып қызмет атқарған, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Нұржанов Қадыр Нұржанұлы, 1943-1945 жылдары майданда болып, екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған, кейін прокуратура органдарында қызмет атқарған Арефьев Владимир Ильич, 1942-1943 жылдары соғыста болып, кейін прокуратура органдарында қызмет еткен Бисенқұлов Бисенбі, 1942-1945 жылдары сұрапылда от кешіп, кейін прокуратура органдарында қызметте болған, «ІІІ дәрежелі жауынгерлік Даңқ орденін» алған Әмірханов Еңсеген... Тізбелей берсе көп-ақ.
Осы бір от кешу жылдарында майданда болғандардың барлығын да батыр десек қателеспейміз. Ұлы Отан соғысының отты жылдарында жеңісті жақындатуға айрықша үлестерін қосқан азаматтардың ерлік істері жастарға үлгі-өнеге, мақтаныш. Сонымен қатар, соғыстан кейінгі елді қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, соғыс зардабын жоюға қатысқан ардагерлеріміздің есімдерін, олардың ерен еңбектерін үлгі тұтып, ерекше құрметтеуіміз қажет.
Ұлы Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Оған миллиондаған адамның төгілген қанымен, өшпес ерлік пен батылдықтың арқасында қол жетті. Сондықтан, Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен ата-бабаларымыздың есімін қастерлеп, рухын көтеру, үлгі-өнеге тұтуды ұмытпауымыз қажет.

Бауыржан СМАТЛАЕВ,
Атырау облысының прокуроры.
Артқа